Поэзия теңізіне саяхат

Әбділда Тәжібаев – қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, театр зерттеушісі, драматург. Оның орны – қазақ елі үшін ерекше. 2019 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» мен Әбділда Тәжібаевтың шығармалары оқу үшін таңдап алынған болатын. Қазіргі таңда Әбділда ақынымыздың поэзиясын жастарымыз сүйіп оқиды, себебі Сыр елінде туған ақынның шығармаларының тәрбиелік маңызы зор. Өзінің танымал «Сырдария» атты туындысымен жастарды туған елге деген сүйіспеншілікке,  оны анамыздай қадірлеуге  шақырады. Бұл өлеңді естімеген қазақ жоқ шығар! Театр сахнасында да драматургіміздің қойылымдары төрден орын ала білді. Қазіргі таңның өзінде оның пьесалары өз тұғырынан түскен емес: «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш – орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен жігіт», «Монологтар».

2019 жылы  4- ақпанда Рудный индустриялық институтының оқу залында Сырдың сұңқар ақыны  Ә. Тәжібаевтың 110 жылдық мерей тойына  орай «Поэзия теңізіне саяхат» атты мәнерлеп оқу сайысы және кітап көрмесі өтті.

Іс – шараның негізгі мақсаты – студенттердің бойында поэзияға деген қызығушылықты ояту, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Ұлы даланың ұлағатты есімдері» жобасына байланысты Әбділда Тәжібаевтің есімін дәріптеу, ақынның өшпес көркем туындыларын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Әбділда әлемі» деп аталды.  Бұл кезеңде қатысушылар ақынның өмірбаяны жайлы викторина сұрақтарына жауап берді. Екінші кезең – «Қосып Сырға сағынышын ақынның, Жүзіп келе, жүзіп келе жатырмын… ». Бұл кезеңде студенттер ақынның өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыды.

Әділқазылар алқасының  шешімі бойынша мәнерлеп оқу сайысының нәтижесі мынандай болды:

I орын –  Әбсадық Мағжан, АУ-18 ко тобының студенті;

II орын – Пернебек Меруерт, ТКИЛП – 18 ко тобының студенті;

III орын – Әлібай Айдана, ЭЭ-18ко тобыны студенті.

Іс-шара барысында Жадырасын Дәулет ақынға арнаған өз туындысын оқыса, Кулахметова Жансая мен Өтел Нұрбақыт «Қыз қиялы», «Жігіт қиялы» туындыларын орындады. Сонымен қатар жүргізуші Төребек Рауанның, «Қазақ елі» әнін орындаған Тобыл Қайсардың өнерлерін атап өтуге болады.

Қорытындылай келе, «Қазақ тілінің жанашырлары» клубы мүшелері мен жетекшісі  Жансая Кулахметова ұйымдастырған  іс-шара жоғары дәрежеде өтті. Ә.Тәжібаевтың әр түрлі тақырыптағы туындылары барлық студенттерді баурап ала білді. Ұйымдастырылған көрме мен сайыс нәтижесінде  студенттер ақынның туындысымен толық таныса білді. Олардың бойында Әбділда Тәжібаевтың поэзиясына деген қызығушылық пайда болып, келешекте осындай іс-шаралар арқасында студенттердің поэзияға деген құрметі арта бермек деп ойлаймыз!

Мы в социальных сетях:
Follow by Email
Facebook
Facebook
Twitter
Visit Us
YouTube
YouTube
Instagram
Одноклассники
Вконтакте